Рухани жаңғыру

Абай ескерткіші салынады

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өткен жылы жүзеге асырылуы және биылғы жылға жоспары жөнінде брифинг өтті.

Алдымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылу бағыты туралы баяндады.

Оның айтуынша, аталған бағдарлама негізгі 6 бағыттан және 6 жобадан тұрады. Атап айтсақ, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «100 жаңа оқулық», «Латын графикалық жүйесіне көшу» және «Заманауи Қазақстандағы мәдениет» жобалары.

— Өткен жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ақтөбелік меценаттардың демеушілігімен 620 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде, Бөкенбай батыр, Жалаңтөс баһадүрге арналған ескерткіштердің ашылуы, Алға ауданы Бестамақ ауылында спорт кешенінің бой көтеруі тәрізді жобалар бар. «100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында жарыққа шыққан 48 оқулықтың 19 696 данасы жоғары оқу орындарына берілді. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білім беру бағдарламаларының таңдау компонентіне 14 жаңа пән енгізілді. «Жұбанов кітапханасының 100 кітабы» жобасы аясында 22 кітап баспадан шығарылды, — деді А.Көпенов.

Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Қадірбаев өткен жылы ұйымдастырылған шаралар мен өнер ұжымдарының жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ биыл А.Құнанбайұлының ескерткішін орнатуға 50 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтты.

— Абай ескерткішін салуға Абай даңғылы бойындағы аллеядан арнайы орын белгіленді. Бүгінде «Үздік эскиздик жоба» байқауы жарияланды. Ең үздік эскиздік жоба комиссия мүшелерінің шешімімен Нұр-Сұлтан қаласында қаралатын болады. Бұл жұмыстарды Абай Құнанбайұлының тамыз айында өтетін мерейтойына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді Н.Қадірбаев.

Сондай-ақ брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова аталған бағдарлама бойынша білім саласында 70-ке жуық ірі жоба жүзеге асырылғанын айтып, бірқатарына тоқталып өтті.

Жиын соңында биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша 204 ірі жоба мен іс-шара жоспарланғаны айтылды. Оның ішінде Есет батыр Көкіұлына ескерткіш орнату, тарихи-мәдени ескерткіштерге археологиялық зерттеулер жүргізу, Ақтөбе қаласында Т.Ахтанов атындағы қазақ драма театры, Әдебиет әлемі, Ә.Молдағұлова мемориалды музейі,  облыстық кітапхана, облыстық архив ғимараттарын салу жоспарлануда.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button